Астанада Еуразия арбитраж апталығы 2025 шарасы өтті

Опубликовано: 2 июля, 2025 в 12:00 пп

Категории: Без рубрики

Тэги:

2025 жылдың 1-2 шілде күндері Астанада үшінші мәрте Еуразия арбитраж апталығы 2025 (EAW25) халықаралық форумы өтті. Арбитраж саласындағы бұл маңызды іс-шарада дауларды шешудің өзекті мәселелері мен даму үрдістері талқыланды. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен келген арбитраж саласының жетекші мамандары, төрешілер, судьялар, ғалымдар, бизнес, мемлекеттік және дипломатиялық мекемелер өкілдерінен құралған 400-ге жуық қатысушы жиналды. Шара Астананың өңірлік құқықтық хаб ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.

Форумды Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанындағы Халықаралық төрелік орталығы (ХТО)  халықаралық Herbert Smith Freehills Kramer LLP заң компаниясымен бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараға АХҚО Cотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт, ХТО төрағасы Томас Крюммель, сондай-ақ Еуразияның түкпір-түкпірінен келген төрешілер, заңгерлер, бизнес өкілдері, дипломатиялық корпус, мемлекеттік мекемелер мен академиялық орта өкілдері қатысты.

Форумның құрметті қонағы – Халықаралық жеке құқықты біріздендіру институтының президенті (UNIDROIT), құқықты үйлестіру мен қаржылық реттеу саласындағы беделді халықаралық сарапшы профессор Мария Кьяра Малагути болды. Үкіметтер мен халықаралық ұйымдарға кеңес беруде мол тәжірибесі бар профессор Малагути инвестициялық құқықтың трансформациясы мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі жаңа құқықтық тетіктердің рөліне тоқталды. Ол дәстүрлі инвестор мен қабылдаушы мемлекет үлгісінен экологиялық тұрақтылық, климат және қоғамдық мүдделерді қамтитын жаңа құқықтық құрылымдарға бетбұрыс байқалып жатқанын атап өтті.

«Инвестициялық құқық айқын инвестор мен қабылдаушы мемлекет арасындағы шекаралар жағдайында дүниеге келді. Қазір әрбір мемлекет – әрі инвестор, әрі қабылдаушы. Осы шындықты ескеріп, құқықтық жүйелерді қайта қарау қажет. Өйткені қазіргі инвестиция, сауда және орнықтылық – ажырамас ұғымдар,» – деді профессор Малагути.

Форум бағдарламасында тәжірибелі мамандар модерациясымен бірқатар панельдік сессиялар өтті. Олардың барысында шетелдік тікелей инвестициялар, баламалы дауларды шешу әдістерінің инвестициялық ахуалға ықпалы, арбитраж шешімдерін трансшекаралық орындау, өңірлік құқықты үйлестіру және жасанды интеллектінің арбитраж саласындағы рөлі сынды мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, корпоративтік заңгерлер мен тәжірибелі қорғаушылар арбитраж стратегиясының тиімділігін, адвокатураны жүргізу тәсілдерін және сотқа жүгінумен салыстырғандағы альтернативті дауларды шешудің артықшылықтарын атап өтті. Бұл сессиялар АХҚО Cоты мен ХТО-ның Еуразиядағы заманауи арбитраж тәжірибесін қалыптастырудағы маңызын тағы да айқындай түсті.

Форум аясында АХҚО Cоты мен ХТО бірнеше ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер құқықтық әріптестікті нығайту мен кәсіби даму мақсатында Қазақстандағы Америка Сауда палатасы және Түркі Арбитраж Қауымдастығымен жасалды. Келісімдер түркі елдері арасындағы дауларды шешу саласындағы байланыстарды күшейтуге бағытталған.

ХТО төрағасы Томас Крюммель:

«Қазақстан ХТО арқылы қазіргі заманғы мемлекеттердің сирек қол жеткізген жетістігіне жетті: ол мемлекеттік ықпалдан тәуелсіз, әділетті әрі әлемдік деңгейде мойындалған арбитраж орталығын құрды. Біз инвесторларға сенімділік сыйлайтын, әлемдік стандарттарға сай дауларды шешу қызметін ұсынып отырмыз.»

АХҚО Cоты мен ХТО-ның тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт:

«Көптеген инвесторлар белгілі бір елдерге баруға құлықсыз, өйткені қиындық туындаған жағдайда олар әділ, тәуелсіз және халықаралық стандартқа сай сот төрелігіне ие бола алмаймыз деп қорқады. Дәл осы себепті АХҚО Cоты мен ХТО құрылды – бұл инвесторлардың сенімін қамтамасыз ету үшін жасалған қадам. Еуразия арбитраж апталығы – біз үшін әр жылы инвесторларға Қазақстанға келгенде олардың құқықтары халықаралық құқықтық стандартпен қорғалатынын көрсету мүмкіндігі.»

EAW25-тің сәтті өтуі құқықтық жаңашылдыққа, халықаралық ынтымақтастыққа және құқық үстемдігін нығайтуға берілген мықты ұстанымды дәлелдеді. Әртүрлі елдердің жетекші сарапшыларын біріктіре отырып, форум АХҚО Cоты мен ХТО-ның Еуразияда тәуелсіз, сенімді әрі халықаралық деңгейдегі арбитраж қызметін ұсынатын беделді институттар екенін көрсетті. Астанада өткен бұл шара өңірдің жаһандық арбитраж және инвесторларды қорғау саласындағы өсіп келе жатқан рөлін айқын танытты.

АХҚО Cоты мен ХТО қызметінің статистикасы:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап АХҚО Cоты мен ХТО 3 900-ден астам істі сәтті қарап, орындады. Олардың ішінде 189 сот шешімі мен 3 772 ХТО арбитраж шешімі мен медиациялық келісімдер бар. Даулар ауқымы кең коммерциялық саладағы әртүрлі мәселелерді қамтиды. 

Қазақстанда бизнес жүргізетін 32 елдің, оның ішінде Қытай, БАӘ, Үндістан және Еуразия елдерінің инвесторлары АХҚО Cоты мен ХТО-ны дауларын шешу үшін таңдады. 39 юрисдикциядан 793 заңгер АХҚО Сотында істерге қатысу құқығын алып, тіркелген.

АХҚО Cоты мен ХТО Астана мен Алматы қалаларында заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған кеңселерге ие. Сонымен қатар, олардың тыңдау залдары Еуразияның 8 елінде – Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда ашылды. Жуырда АХҚО Cоты мен ХТО Қытайдың Бейжің қаласында әлемдік деңгейдегі кеңсесін ашты.

Анықтама:

Еуразия арбитраж апталығы (EAW) – арбитраж саласындағы беделді төрешілер, заңгерлер, компания ішіндегі заң кеңесшілері, саясаткерлер мен академиктер жиналып, Еуразияда бизнес үшін дауларды шешудің заманауи тәжірибесі, мүмкіндіктері мен қиындықтарын талқылайтын алаң.

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) – тәуелсіз құқықтық құрылым. Оның өз ережелері мен арбитраж және медиация саласындағы халықаралық сарапшылардан құралған панелі бар. Коммерциялық құқықтың түрлі салаларында – мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржы, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларында мол тәжірибе жинақтаған. ХТО шешімдері Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де мойындалып, орындалады. https://iac.aifc.kz

АХҚО Соты – тәуелсіз құқықтық құрылым. Англияның жалпы құқық жүйесіне негізделген процессуалдық ережелері бар. АХҚО аумағында және тараптар келісімі бойынша өзге дауларда ерекше юрисдикцияға ие. Қылмыстық және әкімшілік істерге қатысты юрисдикциясы жоқ. Соттың екі деңгейі бар: Бірінші деңгейлі соты және Апелляциялық сот. https://court.aifc.kz

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан, дамушы нарықтардың мүмкіндіктерін жаһандық капиталмен байланыстыратын өңірлік қаржы хабы. 2018 жылдан бері АХҚО Қазақстан экономикасына 14,8 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартты. Қазіргі таңда АХҚО юрисдикциясында 80-нен астам елден 4 000-нан аса компания тіркелген. www.aifc.kz

 

Астана қаласында АХҚО Соты мен ХТО-ның пікірталас сессиясы өтті

Опубликовано: 12 июня, 2024 в 5:14 дп

Категории: Без рубрики

Тэги:

2024 жылдың 12 маусым күні Астана қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының (АХҚО Соты) Төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт пен Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) Төрағасы Томас Крюммельдің қатысуымен пікірталас сессиясы өтті.

Аталған сессия барысында Мэлдон Лорды Бернетт және Томас Крюммель өздерінің кәсіби дамуы мен АХҚО Соты мен ХТО қызметіне қатысты көзқарастарын және халықаралық дауларды шешу туралы өз ойларын ортаға салды.

«АХҚО Соты және ХТО-ның процедуралық және практикалық кезеңдері мен мерзімдері» сессиясының барысында GRATA International Қытай офисінің басшысы Гүлнұр Нұркеева мен ХТО төрешілер панелінің мүшесі Сергей Ватаев және Tukulov Kassilgov Shaikenov Disputes басқарушы серіктесі Бақыт Тұкұлов  АХҚО Соты мен ХТО-ның іс жүргізу ерекшеліктері туралы сөз қозғады.

«Бүгінде АХҚО Сотының тренинг орталығы мен ХТО жас заңгерлер мен болашақ төрешілерді оқыту үшін тамаша мүмкіндіктер беріп отыр. Мен заңгер болған кезде заң қауымдастығы мұндай мүмкіндіктер туралы тек армандайтын.  

ХТО мен АХҚО Соты Қазақстанға инвестиция тартуда маңызды рөл атқарады, өйткені біздің институттарымыз коммерциялық дауларды экономикалық жағынан тиімді және сенімді шешуге басым бағыт береді», — деді Томас Крюммель.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Соты – тәуелсіз заңды тұлға. Ағылшын жалпы құқығы мен халықаралық озық іс-тәжірибеге негізделген өзіндік процессуалдық нормалары бар. АХҚО Соты өз қызметін атқаруда тәуелсіз және Қазақстан Республикасы сот жүйесінің бір бөлігі болып саналмайды. Екі деңгейден тұрады: Бірінші инстанция соты, оған ұсақ даулар соты ретінде белгілі мамандандырылған бөлімше кіреді және Апелляциялық сот. АХҚО қызметі мен операцияларына байланысты туындайтын дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға ие және АХҚО Сотының юрисдикциясын беруге жазбаша түрде тараптардың барлығы келісетін басқа даулар жағдайларындағы юрисдикцияға ие. Ол қандай да бір қылмыстық немесе әкімшілік дауларға қатысты юрисдикцияға ие емес. Іс жүргізудің ең заманауи және тиімді әдістері қолданылады. https://court.aifc.kz /

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) – тәуелсіз заңды тұлға. Халықаралық үздік іс-тәжірибе үлгісі бойынша әзірленген өз процессуалдық нормалары бар. Оның мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржылық қызметтер көрсету, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларын қоса, коммерциялық құқықта төрелік ету мен медиация бойынша жетекші халықаралық төрешілері бар. https://iac.aifc.kz/ 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – өз жұмысын 2018 жылы бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО қызметінің негізгі бағыты – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін біріктіретін әмбебап платформа ретінде шоғырландыру. www.aifc.kz

Бейжің қаласында АХҚО Соты және ХТО кеңсесі ашылды

Опубликовано: 27 мая, 2024 в 5:08 дп

Категории: Жаңалықтар

Тэги:

2024 жылғы 27 мамырда Бейжің қаласында (Қытай) «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының (бұдан әрі – АХҚО Соты) және Халықаралық төрелік орталығының (бұдан әрі – ХТО) әлемдік деңгейдегі жаңа кеңсесінің ашылу рәсімі өтті.

АХҚО Соты мен ХТО қызметін 2018 жылы 1 қаңтардан бастап атқарып келеді. Осы алты жылдың ішінде инвестицияларға байланысты 2 600-дан аса істің және дау тараптарының 100% қанағаттануына әкелді. Қазақстанда бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары өздерінің инвестициялық дауларын АХҚО Соты мен ХТО-да шешу үшін 10 000-нан аса іскерлік келісімшартына АХҚО Соты мен ХТО-ның үлгілік ескертпелерін қосты. Бұл шарттардың едәуір бөлігі Қытайдан Қазақстанға инвестициялар тартуға бағытталған.

Бейжіңдегі беделді China World Tower ғимаратында орналасқан АХҚО Соты мен ХТО-ның жаңа кеңсесінің отырыс залдары заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған. Бұндағы мақсат – Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін олардың АХҚО Соты мен ХТО-ға берілген дауларды өз елінде жайлы жағдайда шешу мүмкіндігін беру.

Сонымен қатар АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза Бейжің қаласына сапары барысында 110-нан аса елден 20 000-нан астам бизнес өкілі жиналған Шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығының (China Overseas Development Association, СODA) халықаралық конференциясына қатысты. Аталған іс-шара аясында Кэмпбелл-Холт мырза дауларды шешу жөніндегі серіктестермен, аға заңгерлермен және Қазақстанда бизнес жүргізетін немесе жүргізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Қазақстандағы Қытай инвесторлары үшін коммерциялық дауларды шешудегі Еуразиядағы озық институттары ретінде АХҚО Соты мен ХТО-ның позициясын одан әрі нығайту мақсатында CODA-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

Кристофер Кэмпбелл-Холт:

«Біз қытайлық компаниялардың Қазақстанға инвестициялары көлемінің өсуін қолдау үшін жүргізіліп жатқан маңызды жұмыстарға қосымша, Қытай астанасының төрінде халықаралық стандарттарға сай АХҚО Соты және ХТО кеңсесінің ашылғаны туралы хабарлауға қуаныштымыз. Қытай инвесторлары бірқатар істе өздерінің заңды құқықтарын қорғау үшін АХҚО Соты мен ХТО қызметтеріне жүгінген де болатын. Бейжіңдегі біздің соңғы бастамамыз бұл инвесторлар мен Қытайдан келетін болашақ инвесторларға олардың АХҚО Соты мен ХТО арқылы дауларды өз елінде де тәуелсіз, уақтылы және экономикалық тиімді шешу мүмкіндігіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді».

АХҚО соты мен ХТО-ның Қазақстанда Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізетін инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Еуразияның келесі сегіз елі – Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанда цифрлық технологиялармен жабдықталған халықаралық стандартты кеңселері бар. Жаһандық инвесторлар Еуразиядағы коммерциялық дауларды шешуде АХҚО Соты мен ХТО-ға артықшылық береді. Сондай-ақ аталған институттар – олардың Қазақстанға инвестициялау туралы шешім қабылдауында «шешуші фактор».

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Соты – тәуелсіз заңды тұлға. Ағылшын жалпы құқығы мен халықаралық озық іс-тәжірибеге негізделген өзіндік процессуалдық нормалары бар. АХҚО Соты өз қызметін атқаруда тәуелсіз және Қазақстан Республикасы сот жүйесінің бір бөлігі болып саналмайды. Екі деңгейден тұрады: Бірінші инстанция соты, оған ұсақ даулар соты ретінде белгілі мамандандырылған бөлімше кіреді және Апелляциялық сот. АХҚО қызметі мен операцияларына байланысты туындайтын дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға ие және АХҚО Сотының юрисдикциясын беруге жазбаша түрде тараптардың барлығы келісетін басқа даулар жағдайларындағы юрисдикцияға ие. Ол қандай да бір қылмыстық немесе әкімшілік дауларға қатысты юрисдикцияға ие емес. Іс жүргізудің ең заманауи және тиімді әдістері қолданылады. https://court.aifc.kz /

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) – тәуелсіз заңды тұлға. Халықаралық үздік іс-тәжірибе үлгісі бойынша әзірленген өз процессуалдық нормалары бар. Оның мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржылық қызметтер көрсету, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларын қоса, коммерциялық құқықта төрелік ету мен медиация бойынша жетекші халықаралық төрешілері бар. https://iac.aifc.kz/ 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – өз жұмысын 2018 жылы бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО қызметінің негізгі бағыты – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін біріктіретін әмбебап платформа ретінде шоғырландыру. www.aifc.kz