Посты с тэгом: АХҚО Соты

АХҚО Сотына жаңа судьялар тағайындалды

Опубликовано: 18 ноября, 2026 в 3:45 пп

Категории: Жаңалықтар

Тэги:

2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған АХҚО Сотының төрт жаңа судьясының ант қабылдау рәсімі өтті. Рәсімге АХҚО Сотының Төрағасы, Мәртебелі Лорд Бернетт Мэлдон KG қатысты. Рәсім барысында жаңадан тағайындалған судьялардың әрқайсысы мынадай ант қабылдады:

«Мен, [судьяның аты-жөні], Астана халықаралық қаржы орталығы Сотының судьясы ретінде Қазақстан Республикасына адал әрі шынайы қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясына және АХҚО-ның қолданыстағы құқығына сәйкес барлық адамдарға қатысты сот төрелігін қорқынышсыз, ешкімге артықшылық бермей, алаламай және теріс ниет танытпай жүзеге асыруға салтанатты түрде мәлімдеймін әрі ант етемін.»

Мәртебелі Сэр Джулиан Фло бұған дейін Англия мен Уэльстің Жоғары сотының Канцлері және Апелляциялық сотының судьясы қызметтерін атқарған. Оның коммерциялық, қаржылық, іскерлік және мүліктік дауларды қарауда мол тәжірибесі бар. Ол Англия мен Уэльстің Коммерциялық сотының судьясы ретінде бірқатар жоғары сот лауазымдарында қызмет атқарған.

Мәртебелі Сэр Питер Коулсонның көпжылдық сот тәжірибесі бар. Ол бұған дейін Англия мен Уэльстің Апелляциялық сотының судьясы қызметін атқарған және күрделі коммерциялық әрі құрылыс саласындағы дауларды қарауға маманданған. Сондай-ақ ол Технологиялар және құрылыс даулары жөніндегі сотты басқарған және Англия мен Уэльстің азаматтық сот төрелігі жүйесі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Лоренс Ли, BBS, SC, JP АХҚО Сотының шағын істер жөніндегі судьясы болып тағайындалды. Ол Гонконгтан келген тәжірибелі барристер және коммерциялық дауларға, атап айтқанда, қаржы нарықтары мен қаржылық қызметтер саласындағы дауларға маманданған. Сонымен қатар ол Катар қаржы орталығының Реттеуші трибуналының судьясы болып табылады және бұған дейін Гонконгтың қаржы секторында басшылық қызметтер атқарған.

Роберт Уикс KC сондай-ақ АХҚО Сотының шағын істер жөніндегі судьясы болып тағайындалды. Оның коммерциялық даулар, азаматтық істердегі алаяқтық және төрелік саласында елеулі тәжірибесі бар. Ол Лондондағы (Ұлыбритания) Blackstone Chambers адвокаттар алқасының барристері болып табылады және Англия мен Уэльстің Жоғары сотында, Апелляциялық сотында және төрелік трибуналдарында тараптардың жетекші өкілі ретінде тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар ол Англия мен Уэльстің Корольдік сотында рекордер-судья қызметін атқарады.

АХҚО Соты жаңадан тағайындалған судьяларды шын жүректен құттықтайды. АХҚО Соты судьялардың сөзсіз тәуелсіздігі мен адалдығын қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі мен құқық үстемдігінің ең жоғары халықаралық стандарттарын сақтауға бейілді. Бұл жаңа тағайындаулар АХҚО Сотының сот төрелігін жүзеге асыру әлеуетін одан әрі нығайтып, оның халықаралық аренадағы беделін арттыра түседі.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.

АХҚО Соты «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Қазақстан Республикасының және бүкіл Еуразия өңірінің негізгі институты болып табылады. Еуразияда алғаш рет Сот жалпы құқық қағидаттарына негізделген сот өндірісі жүйесін ұсынып отыр. АХҚО-да азаматтық және коммерциялық дауларды шешу кезінде Сот аса маңызды халықаралық стандарттаға сәйкес іс-әрекет етеді. Ол АХҚО-мен байланысты туындайтын дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға және тараптары істі Сотқа беру жөнінде уағдаласқан басқа да дауларға қатысты юрисдикцияға ие. АХҚО соты Қазақстан Республикасының сот жүйесіне тәуелді емес. Халықаралық инвесторлар Еуразиядағы халықаралық коммерциялық дауларды қарау үшін АХҚО сотын басымды юрисдикция ретінде танып отыр және ол бірінші инстанциядағы сот ретінде 12 000-нан аса іскерлік келісімшартқа енгізілген.